Қазақ әдебиеті кафедрасы – Оқу және ғылыми қызметі
Қазақ әдебиеті кафедрасы
Кафедра тарихы
Оқу және ғылыми қызметі
Материалдық-техникалық база
Жетістіктер
Біздің түлектер және жұмысқа орналасуы
Оқу және ғылыми қызметі
Жоғары және арнаулы оқу орындарында, орта мектепте әдебиетті оқыту әдістерін педагогикалық технологиялармен байыту; әдебиетті оқытуда инновациялық технологияларды пайдалану; білім беру мекемелерімен байланысты қалыпты жолға қою және нығайту; оқытушылардың кәсіби тәжірибе алмасуын ұйымдастыру мақсатында кафедра ұжымы дәстүрлі түрде ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізеді. Атап айтқанда «Әдебиетті оқыту әдістемесінің өзекті мәселелері» (2012) атты аймақтық, көне түркі (руна) жазуы құпиясының ашылғанына 120 жыл толуына орай «Көне түркі жазуы – биік өркениет белгісі» (2013), «Филологиялық пәндерді оқыту мәселелері: инновациялық және перспективалық даму бағыты» (2014), «Әдебиетті оқыту әдістемесінің өзекті мәселелері» (2015), «Қазақ әдебиеті және оны оқыту мәселелері» (2015), «Қазақ әдебиетіндегі тарихи прозаны оқытудың өзекті мәселелері» (2016) тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізіліп, материалдарының жинақтары шығарылды. Аталған семинарларға Республикадағы жоғары оқу орындарының, арнаулы орта оқу орындарының, облыс және қала мектептерінің ұстаздары, білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты, бұл – ұжымның кәсіби бағдар беру жұмысының жарқын үлгісі.
Сонымен қатар профессор-оқытушылардың ұйымдастыруымен өңірдің ақын-жазушыларының, зиялы қауым өкілдерінің, мұғалімдердің, студенттер мен магистранттардың қатысуымен оқырмандар конференциялары, әдеби кештер, кездесулер өткізіледі.
2016 жылғы 20-21 қазанда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрылғанына 50 жыл толуына арналған «Фольклор және ұлттық идея» атты Халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Халықаралық ғылыми конференция жұмысына Иран, Түркия, Қытай, Польша, Ресей, Қырғызстан елдерінен және республикамыздың Астана, Алматы қалаларынан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстарынан келген филолог ғалымдар, қаламыздағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, докторанттар, аспиранттар, магистранттар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференция жұмысы фольклортанудың өзекті мәселелерін зерделеуге арналған бірнеше ғылыми бағыттар бойынша жүргізілді, бұл ретте түркі тілдес халықтар әдебиеті мен фольклорының ұлттық сипаты, идеялық бағыт-бағдары, қазіргі әдебиет пен фольклордағы дәстүр және сабақтастық, осыдан 50 жыл бұрын оқу ордамыздың алғашқы маман-кадры болып келіп, ғылымның биігіне шыққан профессор Әдебиет Молдаханов зерттеулеріндегі әуезовтану және фольклортану проблемалары, фольклор және лингвостилистика, дискурс, лингвопоэтика мәселелері, жас ұрпақты тәрбиелеудегі фольклор мен әдебиеттің ролі қарастырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «2020 жылға қарай Қазақстан – білімді мемлекет, ақылмен құрылған экономика және біліктілігі жоғары жұмыс күші. Білім берудің дамуы еліміздің болашақ экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени өркендеуі сүйенетін тұғырнамасы болуы тиіс», – деп белгілеп бергендей, зиялы жұртшылық алдында құндылықтарымызды барынша сақтап, мазмұн-мәні терең, әрі көркем халық әдебиетін аса бағалы байлық ретінде қарай отырып, оның өзіндік сыр-сипатын танытып, жастарға тағылым беру көзделуі тиіс. Сол себепті халықаралық конференцияда «Фольклор және ұлттық идея» тақырыбы жан-жақты көтеріліп, «Мәңгілік ел» идеясы жалпы мұрат етіп қойылды. Конференцияның пленарлық мәжілісінде жасаған баяндамаларында Қазақстанның және Ресейдің белгілі фольклортанушы, әдебиеттанушы ғалымдары профессорлар Ә.М.Молдаханов, Ю.Г.Пыхтина, Р.А.Султангареева, А.Ш.Пангереев, Г.Р.Хусаиновалар әлем әдебиетінде, оның ішінде түркі халықтары әдебиетіндегі фольклор және оның жанрлары жөнінде келелі мәселелерді қозғады. Конференция материалдарының жинағы ағылшын, парсы, орыс, қазақ тілдерінде жарық көрді.
«Фольклор және ұлттық идея» атты Халықаралық ғылыми конференция (2016)
2018 ж. 19 қазанында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына орай «Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: әдеби болмыс және дәуір шындығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Студенттер сарайында өткен бұл конференцияның пленарлық мәжілісіне осы мерейтойға орай Астана мен Алматыдан, еліміздің басқа өңірлері мен шетелдерден келген қаламгерлер мен ғалымдар, ақынның туыстары, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты. Жиын барысында көпшілікке осы мерейтойға орай жарыққа шыққан кітаптар таныстырылды: біріншісі – Өтежан ақын туралы мақалалар мен естеліктер, сондай-ақ ақынның басылымдарға берген сұхбаттары топтастырылған «Өтежан» атты кітап; екіншісі – Өтежан ақынға арналған өлеңдерден құралған «Сыймай кеткен қалыпқа» атты кітап.
Конференцияда жазушы Шәрбану Бисенова, ақын Ертай Ашықбаев, ақын Есенғали Раушанов, жазушы Мәди Айымбетов, Түркияның Кастамону университетінің профессоры Орхон Сойлемез, Өтежанның университетте бірге оқыған курстасы, белгілі журналист Идош Асқар, ақын Жанат Әскербекқызы, ақын Светқали Нұржанов, т.б. баяндама оқып, сөз сөйледі.
Қ«Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: әдеби болмыс және дәуір шындығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. 19.10.2018 жыл.
ҚР БҒМ Вице-министрі Эльмира Суханбердиева министр Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын оқып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
«Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: әдеби болмыс және дәуір шындығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысқан қонақтар
Бұдан кейін конференция «Қазіргі қазақ лирикасы және Ө.Нұрғалиев шығармашылығы», «Ө.Нұрғалиев шығармашылығындағы дүниетаным және руханият мәселесі» және басқа да тақырыптарда секциялық мәжілістермен жалғасты. Мерейтой аясында, сондай-ақ, «Өтежан-ғұмыр» атты республикалық поэзия марафоны, «Өтежан оқулары» атты облыстық мәнерлеп оқу байқауы өтіп, «Өтежан өлеңдері» атты бейнепоэзия эстафетасы мен мерейтойға орай ұйымдастырылған республикалық жыр мүшәйрасы қорытындыланды.
«Өтежан Нұрғалиев» атындағы төсбелгі
Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына орай дайындалған ақын мүсіні.
«Өтежан өлеңдері» атты бейнепоэзия эстафетасының жеіңмпаздары
Өтежан Нұрғалиевтың 80 жылдығына орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Гришин көшесіндегі №6 оқу ғимаратында ақын атындағы конференц-зал ашылды. Ал ғимаратқа Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілді.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2019 жылдың 25-қаңтарында фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Шамұлы Пангереевтің 60 жасқа толуына арналған «Әдеби-рухани мұра: мәдениетаралық коммуникация контексінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Әдеби-рухани мұра: мәдениетаралық коммуникация контексінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. 25.01.2019 жыл
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісханасында 20 қыркүйек күні профессор Амангелді Айталының 80 жылдық мерейтойы аясында қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқараевамен «Ақиқатты ту еткен ақын» атты кездесу кеші өтті.
Қазақ поэзиясында хан қызындай «Хан апа» аталған сыршыл ақынмен кездесуге «Қазақ филологиясы», «Қазақ, орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-2 курс студенттері мен қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушылар ұжымы қатысты.
«Менің жеке басыма біреу тиісіп, қатты сөз айтса, мен шыдауым мүмкін, бірақ менің ұлтыма қатысты біреу жағымсыз пікір білдірсе, мен шыдамаймын» деп сөзін бастаған ақын апамыз өзінің шығармашылығына қатысты әңгімесін 2000-ші жылдардың басында Ташкент қаласынан архивтен 1922-1923 жылдар аралығында жарыққа шығып отырған «Шолпан» журналының 8 санын тауып әкеліп, академик Т.Кәкішевке көрсеткенін, ғалым-ағаның бұл құнды мұраның қазақ еліне келгеніне балаша қуанып, қолдағанын, нәтижесінде «Шолпан» журналы көп томдық кітап болып жарыққа шыққанын, одан кейінгі атқарылған үлкен шаруа – сол заманда шыққан «Ақ жол» газетін кітап етіп бастыру ісі болғанын, бүгінде бұл жәдігердің 10 томының өмірге келгенін, алда 20 томының шығу жоспары тұрғанын аса зор мақтанышпен баяндай келіп, университетет кітапханасына «Ақжолдың» 10 томын, өз өлеңдер жинағының 10 томын сыйға тартатынын айтқанда, жиналған көпшілік ыстық ықыласпен қол соқты.
Ақын апамыздың студенттерге айтқан сырға толы әңгімесінің бір бөлігі қазақ өлеңінің падишасы Фаризаға Оңғарсыноваға қатысты болды. Бүгінгі мерейтой иесі Амангелді Айталы ағамыз: «Фариза мен Ханбибіні өмірде, өнерде фотон деп атар едім» деген пікір айтқан екен. «Фотон дегеніміз медицинада бір-бірінен ажыратуға келмейтін құбылыс болса керек, Фариза апам өмірден өткенде менің жан-дүниемде, шынымен, қатты құлазу болды, жақын туысың қайтыс болса да қайғырасың, бірақ рухани сырласың келмеске кетсе, жүрегің езіледі екен» дей отырып, сағынышқа толы әдемі естеліктермен бөлісті.
Ханбибі Есенқараеваның жұртшылыққа кеңінен танымал «Алтынай», «Нұрикамал» т.б. сияқты әндердің өлеңін жазған ақын екені бәрімізге мәлім, кеш барысында «Қазақ филологиясы» мамандығының 2-курс студенті Алдиярова Назерке «Нұрикамалды» нақышына келтіре орындады, «Қазақтың нағыз сұлу қызы екенсің» деп ілтипат білдірген ақын осы әнді соңғы кезде қыздар жиі орындап жүргенін атап өтті.
Ақындық қолтаңбасы мен азаматтық ұстанымы ақиқатпен өрілген арда ақын Мұхтар Шахановпен кездесуге асық болған Ақтөбе жұртшылығы бүгін бір жасап қалды! 20 қыркүйек күні өткен «Жанартау жүректі ақын» атты əдеби-танымдық кеште М.Шаханов өлеңдері оқылып, əндері орындалды. Мұхтар аға студент-жастарды толғандырған сан сауалға жауап беріп, ұлт тарихы мен тағдыры, поэзия, өнер жайында оқырмандарымен ой бөлісті.
Кешті жүргізген ақын Бауыржан Бабажанұлы ақынмен əдемі сұхбаттасып, тағылымы мол шараның шырайын келтірді. Мұхтар ағамен бірге келген мəртебелі меймандар Ахметова Саулекул мен Аубакир Замзагүл ханымдар да поэзиямен қанаттанған жас талаптарға өрелі ойларын жеткізді.
Профессор Амангелді Айталының 80 жылдық мерейтойына орай Ақтөбе облыстық əкімдігі мен Қ.Жұбанов ат.АӨМУ-і бірлесе өткізген бұл танымдық сағаттың жас ұрпаққа берері мол болды.
Ес білген күннен бастап Мұхтар ақынның өлеңдерін сүйіп оқитын өзімнің де аталған шараны ұйымдастырудың басы-қасында болғаныма шын қуандым.
Жасай беріңіз, Мұхтар аға!
Мəңгілік оқырмандарын жастардан тапқан ақынның өлең-жырлары өміршең болып қала бермек!
2019 жылдың 3 қазан күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Н.Байғанин атындағы №6 оқу ғимаратында «Мәңгілік ізін қалдырған!» деген атпен Байғанин мүсіні орнатылған аллея ашылды.
Дүниеде тоқсан шамалы көктемнің көрікті гүлін жұлып, жұпар лебін жұтқан бұл көне шежіренің мәртебесін асқақтатып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруде руханияттан нәрлендіру – Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлының бастамасымен қолға алынып отырған игі істердің бірі.
Тағы бір қалды жарқырап
Қуаныштан жан төрім.
«Байғанин бағы» ашылып,
Ордамыз жатыр той жасап,
Ғажаптың мынау аты анық,
Толғанып терең ойласақ!, – деп басталған салтанатты жиында университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев сөз сөйлеп, аллеяның ашылу мақсатын айтып, жұртшылыққа алғысын білдірді. Сонымен қатар аллеяның ашылу салтанатының арнайы қонақтары – асылдың сынығы, айдынның тұнығы халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің кенже ұлы, әйгілі күйші, домбырашы Момын Байғаниннің жұбайы Манар Сәтханқызы, немересі Гүлмира Момынқызы, шөбересі Динара Боранбаева өздерінің ризашылықтары мен игі тілектерін білдірді. «Аллея» сөзінің өзі француз тілінен алғанда «бару, келу» деген мағынаны білдіреді. Алатаудай ақын бабамыздың есімі бұйырған аллея – жастардың қазақ әдебиетіне тағзым ету алаңы.
29 қазан күні жас жұбановшылар жерлес жазушысымен кездесті.
Байғанин ауданы, Қызылбұлақ ауылында дүниеге келген жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар танымал қаламгер Қажығали Мұқанбетқалиұлымен филология факультетінде кездесу кеші өтті.
Қ.Мұханбетқалиұлы қазақтың ХVІІІ ғасырдағы отаршылдық езгіге қарсы күресінің басшысы, әрі би, әрі батыр Сырым Датұлы туралы ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп, тұлға туралы «Сырым Датұлы» (2004) атты жинағы жарық көрді. Тәуелсіздік жылдарында жазылған сүбелі еңбегі батыр, би, қайраткер Сырым Датұлы туралы баяндалған «Тар кезең» тарихи романы 2012 жылы оқырмандарына жол тартты. Жазушы бірқатар қаламгердің шығармаларын (Р.Акутагава, С.Чубек, Л.Хонвано, Я.Брыль, Л.Колодезный, Дж.Одинаев, Х.Абдуллин, Т.Жұмагельдинов т.б.) қазақ тілінде сөйлетті. Кеш барысында мемлекеттік сыйлықты иеленген “Тар кезең” туындысы туралы сұрақ та, қызығушылық та көп болды. Тарихын танимын деген оқырманға құнды дүние.
Әңгіме жанрынан бастау алған шығармашылық жолы, өмір жолы, әдеби орта, сын, туған жер жөнінде өрбіген керемет жүздесу, студент жастардың тұлғаға құрметі, ыстық ықылас, жерлес жазушыға деген ілтипат көптің көңілінде ұзақ сақталар көрініс болары талассыз. Жұбанов кітапханасына өз байлығын, бар байлығын – кітаптарын қолтаңбасымен сыйға тартты.
Кешті әдебиет әлеміне ерте жастан енген, дәрістері шәкірт көкейінде ұзақ қалатын қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Рита Рахманқызы Жұмағалиева жүргізді.
15 қараша күні ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереевамен студенттер сарайында кездесу өтті.
«Ақұштап Бақтыгереева әйелдерді емес, әйелдікті жырлайды, әйелдерді емес, әйелдікті қорғайды. Сол үшін де әйелді әйел етіп тұрған нәзіктікті дәріптейді. Тек нәзік жүректер ғана ел мен жердің, заман мен адамның қадір қасиетін терең түсінеді. Біздің заманымызда адами жарастық пен үй ішілік бақыттан асқан әлеуметтік мәселе жоқ. Ендеше, Ақұштап Бақтыгереева – ең қажетті, ең қиын майданда шайқас салып жүрген ержүрек суреткер», деп Әбіш Кекілбаев баға берген, «Ақжайықтың ақ шағаласы» Ақұштап Бақтыгереева Ақтөбе өңіріне келіп, өзін толғантқан, көңіліне қаяу, жүрегіне жара салған ұлттық мәселелер туралы айтып, қазақ қызы мен әйелінің, қазақ анасының тәрбиесіне өлең-жырларымен, отты сөздерімен алаңдаушылығын білдіріп, Студенттер сарайында тікеден тік тұрып, Әлиядай батыр, ер қыздың ізбасарларына мол тағылым сіңірді. Туған жерін сүйетін, қазақ поэзиясын ұғатын тәлімді ұрпақтың өсуін, өр ұрпақтың өнуін жан-дүниесімен қалады. Парасатты тұлғамен кездесуден жастар көп үлгі алды. Елі үшін туған ерлер мәңгі жасай берсін!
Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары: фольклортану (мифтік фольклор, топонимдік фольклор, көркем шығармадағы фольклорлық дәстүрлер); көркем проза поэтикасы; тарихи проза поэтикасы; қазақ өлеңінің поэтикасы; аймақтық әдебиеттану; салыстырмалы әдебиеттану және әдеби байланыстар; абайтану және әуезовтану мәселелері.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Іле педагогикалық университеті (Құлжа қ., ҚХР), М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (Москва қ., Ресей), Ресей Ғылым Академиясы Уфа ғылыми орталығының Тарих, тіл және әдебиет институты (Уфа қ., Ресей), М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті (Уфа қ., Ресей), Башқұрт Мемлекеттік университеті (Уфа қ., Ресей), Черкесск ғылыми-зерттеу институты (Черкесск қ., Ресей), Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университеті (Набережные Челны қ., Ресей), Уральск мемлекеттік педагогикалық университеті (Екатеринбург қ., Ресей), Орынбор мемлекеттік университеті (Орынбор қ., Ресей), Ресей-Тәжік (славян) университеті (Душанбе қ., Тәжікстан), Қырғыз-Ресей Славян университеті (Бішкек қ., Қырғызстан) ғалымдарымен тығыз байланыс орнаған.
Филол.ғ.д., профессор А.Ш.Пангереев дәріс өткізуде (Минзу университеті, Пекин қ., ҚХР)
ЭЛЕКТРОНДЫҚ ОҚУ РЕСУРСТАРЫН ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАУ
Кушкимбаева Айнур Серикбаевна
Электрондық ресурстар – бейнелекциялар:
- Жоғары мектепте әдебиет пәндерін оқыту
- Қазақ сатирасының поэтикасы
- Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі
Кафедра тарихы
Оқу және ғылыми қызметі
Материалдық-техникалық база
Жетістіктер
Біздің түлектер және жұмысқа орналасуы